Жоғары қарай

Жаңалықтар

Цифрлық валюталар мен активтер ықпалы артуының себептері

Соңғы кезде қаржы институттары, бизнес пен инвесторлар цифрлық капиталдарға баса назар аударуда. Ал, нарықта жаңа трендтер пайда болып жатыр.  

2023-жылы цифрлық активтер мен валюталардың айырықша дамуы байқалады. Шамамен $50 млрд. қаржы цифрлық валюта  мен активтерде сақталған. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030-жылға қарай цифрлық активтердің орташа жылдық өсімі 42,5% құрайды. Тұтынушылар арасында криптовалюталарға деген сенім артып келеді. Бизнес оларды инвестициялар көзі әрі сауданың ең оңай және тиімді жолы ретінде қарастыруда. Мемлекеттік реттеу құралдары да орталық банктердің ұлттық цифрлық валюталарын (цифрлық теңге) дамытуда. Оның бір себебі, цифрлық валюта субсидиялар мен әлеуметтік жәрдемақыларды бөлудің оңтайлы әрі айқын құралы.

Қаржы саласында технологияларды дамытудың екі негізгі жолы қалыптасып келеді: цифрлық валюталар мен цифрлық активтер. Оларды қалыптастыруға қандай факторлар әсер ететінін және қазіргі банк жүйесіне қандай ықпал тигізетінін түсініп көрейік.

Цифрлық валюта

Сарапшылар бірнеше жылдан бері әлемдік нарықта цифрлық валютаның өсімі жайлы айтып келе жатыр. Нақтырақ айтқанда, блокчейн механизмі бойынша жұмыс істейтін үш формат бар. Олар: криптовалюта, стейблкойндар және ұлттық орталық банктердің цифрлық валюталары (CBDC). Реттеу жүйесі тұрғысынан, үш итерацияны да әлі толықтыру қажет. Десек те, қазіргі әлемдік трендтердің ықпалымен цифрлық қаржы тұтынушылар өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы әбден мүмкін.

Бұған бірнеше себеп бар. Сауданы ұлттық валютада дамытып отырған елдер қатары көбейіп келеді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Қауымдастығының (АСЕАН) орталық банктер басқарушылары мен қаржы министрлері кездесуінің қорытындысы бойынша,  жергілікті қаржылық операциялар үшін ұлттық валютаны қолдану мүмкіндіктерін зерттеу туралы шешім қабылданды. Үндістан үкіметі бірқатар сауда әріптестерімен арадағы қарым-қатынасты рупияда жүргізе бастады. Бұл елдегі экономикалық үйлесімге оң ықпалын тигізуде.

Бұл тенденция цифрлық валюта жұмысының басты механизміне сай келеді. Олар peer-to-peer екі жақты төлемдерге негізделген. Бұл төлемдер үшінші тараптың қатысуынсыз өтеді. Оның арқасында нәтижелі нарықтар қалыптасады.

Сонымен қатар, әлемде  шынайы уақыт режимінде жалпы төлемдер үшін жергілікті инфрақұрылымдар RTGS (Real Time Gross Settlement)  құрылуда. Банкаралық төлемдердің мұндай жүйесі транзакциялар жылдамдығын арттырып, қауіптер мен транзакциялар шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Осының арқасында ұлттық экономика қаржылық дағдарыстардан аса зардап шекпейді. Тұрақсыз экономикалық жағдайда цифрлық валюта  қаржы мен түрлі ұлттық мүдделерді бөлетін, жергілікті экономиканы сақтап тұратын құрал ретінде қарастырылуы мүмкін.

Бұл тренд Қазақстан үшін де өзекті. Мұнда Ұлттық Банк цифрлық валюта «Цифрлық теңгені» сынақтан өткізуді жалғастыруда. Биыл елде өнеркәсіптік платформаны енгізудің бірінші кезеңін жүргізу жоспарланған.  Бұның арқасында әлеуметтік төлемдерді алу тәртібі жеңілдеуі мүмкін. Сондай-ақ, орталық банктің цифрлық валютасын қолданудың қосымша жолдарын сынақтан өткізуге болады.

Цифрлық активтер

Цифрлық валюталардың дамуымен қатар, дәстүрлі активтерді цифрландыру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Сауда және халықаралық операциялардың ыңғайлығы үшін токендер ретінде кез-келген зат қарастырылады: металдар, жылжымайтын мүлік, банк есепшоттары, көміртек сертификаттары, мемлекеттік борышкерлік құнды қағаздар.

Бұған соңғы жылдары нарықта криптовалютаға деген қызығушылықтың артуы, криптобиржалар инфрақұрылымының дамуы септігін тигізді. Нарық тұтынушылары цифрлық қаржы құралдарын баламалы инвестициялар ретінде қарастыра бастады. Fidelity Digital Assets платформасының мәліметтері бойынша, инветорлардың шамамен 70% өз инвестициялық портфельдерінде криптовалюталардың болғанын құптайды екен.  

Қаржы саласында цифрлық құралдарды толыққанды қолдану жолындағы негізгі кедергілердің бірі нормативтік реттеулер. Көптеген елде осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілуде. Еуропада бірнеше жыл бойы CBDC-мен заңды операциялар жүргізу үшін қажетті әдістер қалыптастырумен айналысуда. 2021-жылы еуропалық Jura жобасының аясында бағасы 200 мың еуро болатын құнды қағаздарды токенизациялау эксперименті жүргізілді. Халықаралық төлемдер Банкінің инновациялар Орталығының (Bank of International Settlements — BIS) және бірқатар коммерциялық банктердің қолдауымен Франция мен Швейцария ұлттық банктері DLT-платформасында жүзеге асырған сәтті кейс жаңа технологиялар мен қаржы саласының бірлесіп жұмыс істеуі, кросс-валюталық операциялар жүргізудің де қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз екенін көрсетті.

Барлық қаржы институттарының жұмысын реттейтін жүздеген келісімдер мен түрлі елдердің ұлттық заңдарын бірыңғай платформамен алмастырды. Транзакцияның барлық қатысушыларында платформаны еркін әрі ашық қолдануға мүмкіндік болды.  Бұның арқасында жұмыс айтарлықтай жылдам жүріп, қателесу ықтималдығы азайды.

Азия аумағында да токенизациялауға деген қызығушылық бар. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағытта Азия Батыстан озып келе жатыр. Криптобиржалардың көбі Қытайдан тараған. Гонконг басшылығы заңды платформаларда бөлшек сауда инвесторларына цифрлық активтерді сатуға рұқсат беруді ойластыруда.

2023-жылдың басында Қазақстан майнинг көлемі бойынша әлемдік Топ-10 тізіміне енген. 2022-жылдың соңында елге әлемдік ірі криптобиржалардың бірі Binance келді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының лицензиясы рәсімделіп, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг Агенттігімен меморандумға қол қойылды. Осылайша, криптоактивтерді бақылау тәртібі қалыптасып, цифрлық активтерді ақшаға айналдыру не алмастыру мүмкіндігі бар сенімді орта құрылады.

Банк жүйесінің трансформациясы

Қаржы саласындағы цифрлық трендтер банктердің жұмысын өзгертетіні айдан анық. Келісімдерді орталықсыздандырылған қаржы қызметтерінің  (DeFi) көмегімен, үшінші тараптың қолдауынсыз жүргізу мүмкіндігі, шектеусіз қолжетімділіктің болуы бизнес пен инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Бұл бағытта орталық банктердің бәсекелесі бизнес болады. Бизнес өз кезегінде, цифрлық активтер және валюталармен жұмыс жасау үшін платформаларды белсенді меңгеруде. Швейцариялық қор биржасында диджитал-активтермен жұмыс істеуге арналған меншікті фреймоворк платформасы бар — SIX Digital Exchange (SDX).  

Мемлекеттік реттеу құралдары осы өзгерістерді құптап, саланы дамытудың жаңа кезеңіне көшу үшін CBDC мүмкіндіктеріне назар аудару қажет. Бұның арқасында, блокчейнге қатысты қолданыстағы қаржы тетіктерін жылдамырақ реттеп, криптовалютаны заңды сатудан пайда тауып, активтерді нәтижелі басқаруға болады. Несиелік бизнестің икемділігі артады.

Ақшаның үшінші түрін цифрлық валюта ретінде енгізу мәселесі, активтерді токенизациялау үдерісінің кеңеюуі – цифрлық қаржының нарықтағы негізгі құрал мәртебесін иеленуіне септеседі.